Швецияда әлеуметтік жәрдемақыларды қысқарту қатты сынға ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі «Швед демократтары» партиясымен бірлесіп әлеуметтік жәрдемақылар жүйесін реформалау жоспарын жариялады. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ жазды.
Жоспарға сәйкес, төлемдер қысқартылып, оның ішінде тұрғын үйге арналған жәрдемақылар да азаяды. Үкіметтің айтуынша, бұл шешімнің мақсаты — жұмыстың әлеуметтік төлемдер алудан тиімді болуын қамтамасыз ету.
Үкіметтің бағалауы бойынша, бұл өзгерістер шамамен 150 мың отбасын, әсіресе көпбалалы және ата-аналары шетелден келген отбасыларды қамтиды.
Стокгольмде ұзақ уақыт бойы «стокгольмдік норма» деп аталатын жүйе қолданылып келген, оған сәйкес әлеуметтік төлемдер астанадағы өмір сүру шығындарының жоғары болуына байланысты біршама көбірек берілетін. Енді Үкімет осындай ерекшеліктерді алып тастауды жоспарлап отыр.
Бұл бастама оппозиция өкілдері мен муниципалдық билік тарапынан қатты сынға ұшырады. Стокгольм әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі Александр Оянне реформаның ең осал тұрғын топтарына, ең алдымен балаларға әсер ететінін, бұл әлеуметтік шиеленіс, қылмыстың және тәуелділіктің өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
— Үкіметтің идеологиялық көзқарастары тым шектеулі. Мигрант отбасыларға әсер ететін кез келген мәселе күн тәртібіне қойылады. Олар қоғамдағы ең қиын жағдайда тұрған адамдарға соққы береді, — деді Александр Оянне.
Сыншылар үкіметтің шешімдері көбіне саяси немесе идеологиялық көзқарасқа негізделгенін, ал адамдардың жәрдемақыға тәуелді өмір сүру жағдайлары ескерілмегенін айтты.
Солтүстік партия өкілдері де реформаға сын тақты.
— Үкіметтің саясаты нәтижесінде одан да көп бала тамақсыз қалады, ал өз кезегінде супербай адамдардың саны күн сайын өсіп келеді, — деді партия өкілдері.
Осыдан бұрын Швеция үкіметі әлеуметтік көмектің ең жоғарғы мөлшерін шектеуді қарастыратын жобаны ұсынды. Үкімет бұл шара адамдардың еңбек нарығына тез шығуына сеп болады деп үміттенеді. Дегенмен елдегі әлеуметтік реформа Данияның қателігін қайталауы мүмкін.