Швецияда ауыр қылмыс жасаған балаларды жазалау мәселесі талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Швецияның Гавле қаласында 13 жасар бала күдікке ілінген жаппай атыстан кейін премьер-министр Ульф Кристерссон бұл оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қарсы шараларды күшейту қажеттігін көрсетеді деді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ жазды.
Үкімет ауыр қылмыс үшін қылмыстық жауаптылық жасын 15-тен 13 жасқа дейін төмендетуді көздеп отыр. Бұл қадам 26 аға прокурордың сынына ұшырады. Олар мұндай өзгеріс құқықтық тұрақсыздық тудырып, әділеттілік қағидаттарына нұқсан келтіретінін ескертті.
— Мұны заң жүйесіне нұқсан келтірмей жүзеге асыру мүмкін емес. 13 және 14 жастағы жасөспірімдер арасында даму мен жетілу алшақтығы тым үлкен, — деді прокурор Тобиас Кудрен.
Швеция премьер-министрі бұл сынға жауап берді. Ол өз сөзінде өмір күрделі шешімдерге толы екенін және ұйымдасқан қылмыспен күрес неғұрлым жаңа, шешуші әдістерді қажет ететінін атап өтті.
Әділет министрі Гуннар Штреммер 15 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын қазіргі жүйе ауыр қылмысқа осал деп қосты.
Сондай-ақ үкімет полиция, кеден және прокуратураға заңсыз қару мен жарылғыш заттардың айналымына қарсы күресті күшейту туралы екі жаңа тапсырма берді.
Биліктің мәліметінше, Швецияда биыл көктемде жарылғыш заттарды тәркілеу өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өскен. Үкімет бұл қысымды сақтап, қылмыстық желілерге қарсы күресті жалғастыруға ниетті екенін айтады.
Бұған дейін Швеция Эстониядан түрме орындарын жалға алатынын жазған болатынбыз.