Швецияда азық түлік пен жанармай қымбаттап жатыр

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM – Ақпанда Швецияда ет пен балық бағасы қымбаттады, ал жалпы азық-түлік бағасының өсімі баяулады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швециядағы азық-түлік бағалары жөніндегі ең ірі қосымша Matpriskollen деректеріне сәйкес, ет бағасы 1,7%-ға өскен. Бұған негізінен сиыр еті құнының қымбаттауы әсер еткен. Жеміс-жидек 0,8%-ға, балық пен теңіз өнімдері 0,4%-ға қымбаттады. Ал көкөністер мен сүт өнімдері керісінше 0,6%-ға арзандаған. Соңғы бір жылда азық-түлік тауарлары жалпы алғанда 1,1%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар жанармай нарығына қысым күшейді. Демалыс күндері Таяу Шығыстағы шабуылдардан кейін Швецияда бензин бағасы литріне 16 кронаға (шамамен 1,8 доллар) жетті.

Сарапшылардың бағалауынша, өңірдегі шиеленіс сақталса, бір ай ішінде баға тағы 10%-ға өсуі мүмкін.

Бұған Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының тоқтауы себеп болған. Бұл стратегиялық бағыт арқылы тәулігіне шамамен 20 миллион баррель мұнай тасымалданады.

Жұмадан бері әлемдік мұнай бағасы шамамен 20%-ға өсіп, барреліне 80 долларға жетті.

Егер бұғаздың жабылуы бір айға созылса, мұнай бағасы барреліне 100 долларға дейін көтерілуі ықтимал. Бұл Швецияда бензин бағасының литріне шамамен 17,5 кронаға (1,9 доллар) дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Билік өкілдері жанармайдың нақты жеткізілімі тұрақты екенін мәлімдеді. Алайда сарапшылар қақтығыстың одан әрі ушығуы бағаның қосымша өсуіне және үй шаруашылықтарына экономикалық қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.