Швецияда қарттарды алдау оқиғалары жиілеп, залалы миллиардтарға жетті

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM -  Стокгольмде қарт адамдардың үйлеріне түрлі сылтаумен кіріп, құнды заттарын ұрлау жағдайлары жиілеп барады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ

Полиция дерегінше, мұндай қылмыстардан түскен «пайда» есірткі саудасынан екі есе артық болып, миллиардтаған швед кронына жетеді. 2024 жылы алаяқтық қылмыстардың жалпы айналымы 6,3 млрд крон (600 млн доллардан астам) болды.

Көбіне қылмыскерлер жәбірленушілерге қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, өздерін полицей не ұйым қызметкері ретінде таныстырады. Олар «мүлікті қорғау» қажеттілігіне сендіріп, алдын ала дайындалған сценарий мен психологиялық қысымды қолданады, адамның сеніміне кіріп, шешім қабылдауға уақыт бермейді.

— Дәл осылай қылмыстық желілер табысының басым бөлігін табады. Кейін бұл қаражат басқа қылмыстық схемаларға, мысалы, есірткі саудасына салынып, одан түскен пайда да қылмыстық әрекеттерге жұмсалады, — деп түсіндірді полиция өкілдері.

2025 жылдың басынан бері мұндай қылмыс туралы арыздар қайта көбейген, апта сайын шамамен 30 шағым түседі, олардың басым бөлігі алаяқтық әрекеттерге қатысты.

Швеция полициясы күмәнді SMS хабарламалардағы нөмірлерге қайта қоңырау шалмауға, бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеуге және оларға құнды заттарды бермеуге шақырады. 

Айта кетелік елде биыл 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелді