Бұл туралы Швецияның Ұлттық сот-медициналық басқармасының өкілдері зорлық-зомбылыққа қарсы күреске арналған «Қызғылт сары апта» аясында мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тергеу кезінде сот-медициналық сараптама қорытындыларының маңызы зор. Өйткені мұндай қылмыстар көбіне куәгерсіз жасалады.
Сараптама дене жарақаттарының сипаты мен қашан салынғанын, олардың пайда болу себептерін, сондай-ақ зардап шеккендердің денсаулығына тигізген зардабын анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса мамандар зардап шеккендердің полицияға уақытылы жүгінбеуін басты мәселелердің бірі деп санайды.
– Уақытты өткізіп алмау қажет. Өйткені көгерген жерлер біртіндеп басылып, терідегі зақымдар жоғалады, ал жаралар жазылып кетеді, – деп атап өтті сарапшылар.
Бір жыл бойы Швецияның Ұлттық сот-медициналық басқармасы үкіметтің тапсырмасымен полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, қылмыстық істерді тергеу кезінде сот-медициналық сараптама қорытындыларын пайдалану аясын кеңейту бағытында жұмыс жүргізді.
Бұл ретте медициналық мекемелермен байланысты нығайтуға және дене жарақаттарын тіркеу әдістерін жетілдіруге баса назар аударылып отыр.
Ал ведомство атқарылған жұмыс нәтижесін 2027 жылғы 2 сәуірге дейін Швецияның Әділет министрлігіне ұсынуға тиіс.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Лариса Лидің Қазақстанда «PANA» әлеуметтік жобасының қауіпсіз нысандар желісін құруды ұсынғаны хабарланған болатын.