AZƏRTAC хабарлауынша, үкімет 2025 жылы 340 млн швед кронын (30,9 млн доллар) және келесі жылдары қосымша қаражат бөлуді уәде еткен. Бұл қадам жел энергетикасының дамуын ынталандыруға және жергілікті билік органдарына түсетін жүктемені өтеуге тиіс еді. Алайда жыл соңына небәрі бірнеше ай қалса да, әлі күнге дейін бір крон да аударылмаған.
Кідіріс сала өкілдері мен жергілікті саясаткерлердің ашу-ызасын тудырды. Онгe муниципалитетінің комиссары Эрик Лёвгрен атап өткендей, халқы небәрі 9 мыңнан сәл асатын шағын қауым үшін уәде етілген шамамен 16 млн крона (1,5 млн доллар шамасында) — айтарлықтай қаражат.
– Біз бұл ақшаға үміт артып отырмыз. Электр энергиясы өндірісі артуы тиіс, бірақ атом электр станциялары кемінде он жылдан кейін ғана пайда болады, ал жел энергетикасының дамуы қазірдің өзінде баяулады, – деп атап өтті Э. Лёвгрен.
Westander Klimat och Energi консалтингтік компаниясының деректеріне сәйкес, биыл муниципалитеттер жоспарланған жел энергетикасы жобаларының 95%-дан астамын тоқтатты немесе тоқтатуды көздеп отыр.
Оппозициялық партиялар да қатаң реакция білдірді. Жасылдар партиясының энергетикалық саясат жөніндегі өкілдері үкіметті «аса ірі деңгейдегі некомпетенттікке» айыптап, энергетика және өнеркәсіп министрі Эбба Бушты парламент комитетінде есеп беруге шақыруды талап етті. Социал-демократтар да қысқа уақыт ішінде үкімет жел энергетикасын дамыту жағдайларын күрт нашарлатты деп санайды.
Министр Эбба Буш қолдау тетігінің күрделі екенін және көптеген факторды ескеруі тиіс екенін атап өтті. Дегенмен ол муниципалитеттер өтемақы алатынына сендіріп, мәселе қаралып жатқанын, алдағы уақытта үкімет бұл тақырыпқа қайта оралатынын айтты.
Сала сарапшылары егер нақты ережелер мен уақытылы қолдау болмаса, Швециядағы жел энергетикасы тоқтап қалуы мүмкін екенін, бұл электр бағасының өсуіне және электрлендіру жоспарларының бұзылуына әкелетінін ескертеді.
Айта кетелік Швецияда биыл алғаш рет азық-түлік бағасы төмендеді.