Швецияда жоғары жұмыссыздық деңгейі тіркелді

Фото: Фото: tsyhun/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция Еуропалық Одақтағы жұмыссыздық деңгейі ең жоғары елдердің бірі, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Ол 20-64 жас аралығындағы жұмыссыздық бойынша ЕО елдері арасында жетінші орында тұр.

Пандемия кезеңін қоспағанда, қазіргі жұмыссыздық деңгейі соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Бұл экономикалық құлдыраумен және терең құрылымдық мәселелермен байланысты.

Агенттік хабарлауынша, жұмыссыздық әсіресе белгілі бір топтар арасында жоғары: Еуропадан тыс жерде туған адамдар, орта білімі жоқтар, егде жастағы қызметкерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар.

Жұмыссыздар саны көп болғанымен, Швеция медицина, білім және техникалық мамандықтар сияқты салаларда білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігіне тап болып отыр. Швед еңбек нарығы білімге жоғары талап қояды, ал біліктілік талап етілмейтін жұмыс орындарының үлесі өте төмен — небәрі 4%, бұл ЕО-ның басқа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай аз.

Швециядағы жұмыссыздардың басым бөлігі — білім деңгейі төмен адамдар және олардың үлесі артып келеді. Мұның себептері иммиграцияның өсуімен және орта мектепті бітірмейтін жастар санының артуымен байланысты. Әсіресе, Ауғанстан мен Сомали сияқты әл-ауқаты төмен елдерден келген иммиграция халық құрамын едәуір өзгертті.

Иммигранттар тілдік кедергі, төмен біліктілік, кемсітушілік, әлеуметтік оқшаулану және басқа да коммуникациялық факторларға байланысты еңбек нарығында қиындықтарға тап болады. Африкадан келген иммигранттар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 28% құраса, Еуропадан келгендер арасында бұл көрсеткіш небәрі 6%.

Осылайша, Швециядағы жоғары жұмыссыздық деңгейі экономикалық факторлардың, білім беру алшақтығының, еңбек нарығы моделінің ерекшеліктерінің және иммигранттарды қоғамға интеграциялаудың күрделілігінің үйлесімімен түсіндіріледі.

Бұған дейін Швеция мигранттарды еліне қайтару үшін 32 мың еуро төлейтіні анықталды.