Қақпашы спортшылық мансабының көп бөлігін өз елінде өткізген. Кейінгі үш жылда Құрлықтық хоккей лигасында Латвияның «Динамо» (Рига), Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) және СКА (Санкт-Петербург) клубтарының намысын қорғады.
Юхан Маттссон 1992 жылы 25 сәуірде дүниеге келген.
«Канадалық қақпашы Эдвард Паскуалемен келісімшартты бұзғаннан кейін, біз өз лигамызға бейімделген тәжірибелі қақпашыны алдық. КХЛ-да Маттссон өте мықты командаларда ойнаған. Ол қақпадағы сенімділікті күшейтеді деген сенімдеміз», - деді «Барыстың» бас менеджері Олег Болякин.
Айта кетсек, биыл «Барыстың» бас бапкері қызметіне канадалық маман Дэвид Немировски келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Андрей Шутов Словакияның «Слован» хоккей командасына ауысты. Сондай-ақ канадалық қақпашы Эдвард Паскуале елордалық клуб құрамынан кетті.