Швециялық мамандар балаларға арналған хош иістерді сынға алды

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Шетелдік компаниялар соңғы уақытта сәбилер мен кішкентай балаларға арналған арнайы хош иістерді жиі шығара бастады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Соның ішінде Zara желісі кішкентайлар әлемінен шабыт алған Le Petit Lullaby атты хош иісті таныстырды.

Швецияның астма және аллергияға қарсы қауымдастығының мәліметінше, ең кішкентай балаларға арналған косметикалық өнімдердің саны айтарлықтай артқан.

Алайда сарапшылар мұндай үрдіске алаңдаушылық білдіріп отыр. Қауымдастық өкілі Лизелотт Флореннің айтуынша, балаларға арналған әтірді қолдану негізсіз әрі қауіпті болуы мүмкін.

Оның түсіндіруінше, тері мен оның қорғаныш қабаты белгілі бір жүктемеге ғана төтеп бере алады.

— Өсіп келе жатқан ағза әлдеқайда сезімтал, ал сәбилерде әтір құрамындағы заттардың біріне аллергия даму қаупі жоғары, — деді Флорен.

Маманның сөзінше, сәбилердің терісі өте нәзік, ал хош иісті заттардың әсерінен туындайтын жанаспалы аллергия өмір бойына сақталуы мүмкін.

Бұған қоса, аллергенді анықтау қиынға соғады, кейін адамға шампуньнан бастап крем мен косметикаға дейінгі өнімдердің құрамын мұқият тексеруге тура келеді.

Inditex компаниясы (Zara иесі) балалар өнімдері қатаң бақылаудан өтетінін және денсаулық пен қауіпсіздік басты басымдық екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ компания әлемнің көптеген елінде балалар гигиенасына арналған жеңіл хош иістерге сұраныс бар екенін атап өтті.

Соған қарамастан, мұндай өнімдердің нарыққа шығарылуы мамандар арасында алаңдаушылық туғызуды жалғастырып отыр.

Осыған дейін Италияда үй жануарларына арналған әтірге иттің аты қойылғанын жазған болатынбыз.