Швейцария ЕО-ға кіру туралы өтінімді қайтарып алғаны жөнінде Брюссельді хабардар етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцария өзінің Еуропалық одаққа ену туралы 1992 жылы берген өтінімін қайтарып алғанын Брюссельге ресми түрде ескертті. Бұл жөнінде сыртқы істер федералдық департамент басшысы Буркхальтер Дидье хабарлап, бұрындары өтінімді қайтарып алуға парламенттің дауыс беруіне байланысты бұл қадамның ескертілгенін айтты, деп жазады ТАСС.

«Бізде ең жақын серіктесіміз Еуроодақпен негіз қалаушы және екітарапты келісімдер бар, бірақ ол одаққа кіргіміз келмейді», - деп мәлімдеді Буркхальтер Швейцариялық Конфедерация құрылуының 725 жылдығына орай ұйымдастырылған Валлорб қаласындағы салтанатты жиналыс барысында. - Федералдық кеңес те осы таңдауға тоқтады. Еуропа экономикалық кеңістігі жайлы мәселе бойынша дауыс беру нәтижесінде 1992 жылы берілген одаққа ену туралы өтінімнің күшін жоғалтқанын растау үшін бірнеше күн бұрын жазбаша түрде Еуропалық одақты хабардар етті. Сонымен бірге, швейцариялық дипломатия басшысы атап өткендей, ел үкіметі өзінің ЕО-мен екіжақты келісім жолын жалғастыруға және дамытуға ынталы екенін еске салды.

15 маусым күні швейцариялық парламенттің «кіші палатасы» - кантондар кеңесі «үлкен палата» - ұлттық кеңестің наурыз айында қабылдаған шешімімен келісіп, өтінімді қайтып алуды қолдайтындарын жеткізді.

Одаққа ену туралы өтінім 1992 жылдың мамыр айында берілген. Алайда, сол жылдың желтоқсан айында өткен тағдыршешті референдумда Швейцария халқының 50,3%-ының дауысымен Еуропа экономикалық кеңістігіне қосылуға қарсы шығуынан кейін, іс жүзінде өзектілігін жоғалтқан.

Ширек ғасыр бойы еш өзгеріссіз жатқан сол өтінімді қайтару-қайтармау мәселесі Швейцарияда пікірталас туғызды. ЕО-ға жақындаудан Конфедерация сувернитетіне қауіп төнеді деп санайтын құқықтық-консерваторлық Швейцария халық партиясының өкілдері өтінімді ресми қайтарып алуды талап етті. 

Швейцария бүкіл Еуропаға жоғары ауқаттылықтың Еуропалық одаққа мүшелігімен байланыссыз екенін көрнекі түрде көрсетуде. Статистика федералдық басқармасының мәліметтері бойынша, Германиямен, Франциямен салыстырғанда, Швейцария халқының орташа табыс деңгейі 1,3 есе жоғары, Италия халқынан 1,7 есе көбірек. Мамыр айының соңында жарияланған «Қауіпсіздік - 2016» жыл сайынғы әлеуметтік зерттеу қорытындысына сәйкес, Швейцария азаматтары өз елінің тәуелсіз экономикалық бағытын жоғары бағалайды. 2015 жылмен салыстырғанда ЕО-ға кіруді жақтаушылар саны  21 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеген.