The Local басылымынң жазуына қарағанда, швейцар әуе күштеріне тиесілі EKW C-35 барлаушы ұшағы 1941 жылы әскери оқу-жаттығу кезінде апатқа ұшырап, көлге құлаған. Ол 75 жылдан соң Герзау кентіне жақын жерде 200 метр тереңдіктен табылды.
Бипланды іздеуге кәсіби сүңгуір Роджер Айхенбергер бастаған топ үш жылын сарп еткен. Оның айтуынша, ұшақ 1941 жылы 20 маусымда апатқа ұшыраған. Экипаждың екеуі де парашютпен секірген, алайда оның біреуі ғана аман қалған.
Екі адамдық EKW C-35 ұшағы өткен ғасырдың 30-жылдары Швейцарияда жасалған. Бипланның қанатының ұзындығы 13 метр, ең жоғары жылдамдығы - сағатына 335 км.
Ұшақтың бір бөлігі ағаштан жасалғандықтан оны су бетіне шығару мүмкін емес. Сондықтан қазір оны судан бүлдірмей алып шығу жайы қарастырылуда.