Швейцарияда жағажай волейболынан «Үлкен дулыға» әлемдік турының кезеңдік жарысы өтуде
9 шілде күні басталған бұл бәсекеде қазақстандықтар арасынан Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов дәрежелік бірінші раундта канадалықтарға жеңіліп, жарыс жолынан ерте шығып қалды. Соның нәтижесінде биылғы маусымда осымен бесінші рет 41-ші орынды қанағат тұтып, қоржынға бұл жолы да 80 ұпай ғана қоса алды. Ал сайысты бірден негізгі кезеңнен бастаған ел құрамасының әйелдер арасындағы үздігі Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова бразиялықтарға - 1:2, германиялықтардың бірінші жұбына 0:2 болып ұтылып, екінші жұбын дәл осындай есеппен ұтты. Соның нәтижесінде олар 1/16 финалға жолдама алды.
Сондай-ақ ерлер құрамасының көшбасшысы Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко да кеше негізгі кезеңдегі 2 кездесуін сәтті өткізіп, жарыс қожайындары мен бразиялықтарды 2:1 есебімен ұтты. Бүгін енді олар топтық сындағы ақтық ойынын бразиялықтардың екініші жұбымен өткізеді. Оның нәтижесіне қарамастан олар да 1/16 финалға шығады.