Швейцарияға біздің ел тәжірибесі қызғылықты - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 қараша, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болып өтті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті « Дамуға ресми көмек - ел әлеуетінің айғағы» тақырыбымен жарияланған ақпаратта. «Оны сөз сөйлеп ашқан палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуын көздейтін жаңа «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялау алдында Елбасы жаһандық сын-қатерлер мен геосаяси жағдайға терең талдау жасағандығына ерекше тоқталды», - деп жазады басылым.

«Жолдаудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарының негізгі міндеті», - дей келіп, Қ.Тоқаев осы орайда Елбасының бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажеттігін және аса қатал қаржылық тәртіп орнату керектігін атап көрсеткендігіне назар аудартты. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде Парламентке де тікелей қатысты. «Алдағы біздің жұмысымыз негізінен Елбасы тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз етумен байланыс­ты болатыны анық. Сондықтан жауапкершілікті терең түсініп, осы бағытта сіздерді бірлесіп белсенді жұмыс істеуге шақырамын» деп қорытты сөзін Сенат Төрағасы», - делінген мақалада.

***

« Айқын » басылымы « ЭКСПО-ға қандай құндылықпен барамыз? » деген тақырыппен мақала жариялап отыр. Онда газет: «әлем көз тігіп отырған көрмеде қазақ елi ұлттық құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық бай мәдениетін көрсете ала ма?» деген сауалға жауап iздейдi.

«Миллиондар Астанаға жи­налатын, миллиардтар ақпарат құралдары арқылы қадағалайтын жаһандық жиында қазақ халқын жан-жақты таныту ойлас­ты­рылған ба? Ұлттық өнер қанша­лықты деңгейде дәріптеледі? Ұлттық дастарқан қандай дәре­жеде қадірленеді? Төрткүл дүние тоғысатын айтулы көрмеде осы­ның бәрі маңызды. Сәті түсіп тұрғанда, алыс-жақынға қазақ деген ежелгі ел екенімізді, мың­даған жылдық қалың тарихымыз, жерін жүдетпеген, елін еңкейт­пеген ұлағатымыз бар екенін паш етейік. «ЭКСПО - 2017» көрме­сінде қа­зақ өнері мен тағамының ұлттық па­вильонын ұйымдас­тырайық. Онда қазақ қолөнері мен дастарқанының інжу-мар­жан­дары дәріптелсін. Мил­лион­даған мей­мандар көрмені аралап жүріп те, қонақүйлерде тынығып жа­тып та сауға - қуат, ауруға - ем-дәрі қымыз бен шымыр-шы­мыр қай­наған шұбатқа шөлін қан­дырсын. Сары ала қазыға тамса­нып, бал қаймақ бармағын жа­латсын», - делiнедi мақалада.

« Айқынның » келесi мақаласы Қазақстанға ресми сапармен алғаш рет Швейцария Конфедерациясының президенті Дидье Буркхальтер мен ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуi барысында талқыланған мәселелерге арналған.

«Биік мәртебелі мейманды кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

Жоғары деңгейдегі кездесу барысында қос мемлекет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықты нығайтудың негізгі мәселелерін талқыға салды.

Сондай-ақ президенттер наза­ры­нан халықаралық күн тәрті­бінде «күйіп» тұрған, көкейкесті мәселе­лер де тыс қалмады. Бұл тұр­ғыда Н.Назарбаев пен Д.Бур­кхальтер жеке сөйлесіп, пікір алмасты. Осы тұста Швейцарияның Еу­ро­падағы Қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының қазіргі іс басындағы төрағасы екендігін айта кеткен жөн. Осыған орай ұйым қызметінің шешуші қырла­ры да тілге тиек етілді. Бұл ұйымға қазақ елі басшылық еткен 2010 жылдан бері әлемдік және аймақ­тық жағ­дай­лар күрт өзгеріп кетті. Бұл рет­тегі Қазақстанның тәжіри­бесіне қадірменді қонақ қызығу­шылық білдірді», - деп жазылады « Швейцарияға бiздiң ел тәжiрибесi қызғылықты » атты мақалада.

***

«Шымкентте өз балаларының өмiрiн қиған Ерлан Әлжановтың iсi бойынша сот үкiмi шықты», - деп хабарлайды ресми тiлде шығатын «Экспресс-К» басылымы.

«Кәмелетке толмаған екi ұлын өлтiрген қанiшер өмiр бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл жан түршiгерлiк оқиға былтыр қыркүйек айында Созақ ауданында орын алған. Полицияға денесi пышақтан тiлiм-тiлiм болған жiгiт ауруханаға түстi деген хабар түседi. Одан жауап алу кезiнде ол өз-өзiне қол жұмсамақ болғанын айтады. Сонымен қатар ер кiсi өзiнiң екi кiшкентай ұлдарын өлтiргенiн және кейiн үйiн де өртеп жiбергенiн айтты», - делiнген « 100 лет одиночества » атты мақалада.