Швейцарияда аптап ыстық мұздықтардың көлемін кішірейтіп, пішінен өзгертіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропаны шарпыған бірнеше аптап ыстық толқынынан кейін Швейцарияның оңтүстігіндегі Рона мұздығы бір айдың ішінде төрт метрден астам мұз қабатынан айырылды. Бұл температураның көтерілуі Альпі мұздықтарына барған сайын ерекше әсер етіп жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды Еuronews .

Фото: Jean-Christophe Bott - Keystone

Швейцарияның мұздықтарды мониторингтеу қызметі (GLAMOS) мәліметінше, маусым айының ортасынан бері мұздық тәулігіне орта есеппен шамамен 10 сантиметрге еріп жатыр. Гляциологтардың айтуынша, қыста қардың аз түсуі мен қалыптан тыс жоғары температура мұздықты қорғаныш қар қабатынсыз қалдырып, оны әсіресе осал еткен.

Ғалымдар осыған байланысты 2026 жылы мұздықтардың жоғалту көрсеткіші 2022 жылғы рекордтық деңгейге жақындауы мүмкін деп қауіптенеді.

Мұздықты бақылап жүрген зерттеушілер оның тек үстіңгі жағынан ғана емес, астынан да еріп жатқанын анықтады. Еріген су ағындары мұздықтың төменгі бөлігінде үлкен қуыстар пайда етіп, оны ішінен әлсіретіп жатыр.

GLAMOS жетекшісі, гляциолог Маттиас Хусстың айтуынша, мұздық астымен ағатын су үлкен қуыс жасап, кейін оның опырылып түсуіне себеп болған.

– Бұл – опырылу шұңқыры. Мұздық астымен ағатын су үлкен қуысты ойып, кейін ол опырылып түскен. Соңғы жылдары мұздықтардың жоғарыдан ғана емес, төменгі жағынан да еріп жатқанын жиі байқап жүрміз. Бұл процестер мұздықтарды ішінен бұзады. Бұл – еру үдерісін одан әрі жеделдететін үлкен проблема, – деді Маттиас Хусс.

Рона мұздығында жүргізілген өлшеулер соңғы апталарда мұздың қаншалықты жылдам жоғалып жатқанын көрсетті.

– Біз еріген мұздың мөлшерін өлшейміз. Екі апта бұрынғы соңғы сапарымнан бері мұздық 1,40 метрге жұқарды. Бұл – тәулігіне 10 сантиметр мұз деген сөз. Маусым айының ортасында биыл Рона мұздығына алғаш келген кезімнен бері шамамен төрт метр мұз еріп кетті. Бұл – өте ауқымды еру және мұздық үшін өте қолайсыз жағдай, – деді ғалым.

Мұздықтың жылдам шегінуі айналадағы табиғи ландшафтты да өзгертіп жатыр. Қазіргі үрдіс жалғаса берсе, оның төменгі бөліктері алдағы бірнеше жылда толығымен жоғалуы мүмкін.

– Мұндай жоғары еру қарқыны сақталса, мұздықтар тез-ақ кішірейеді. Меніңше, 5-10 жылдан кейін бұл аумақта мұз қалмайды. Мұздық тек таудың жоғары жағында, ауа райы салқындау әрі қар көбірек түсетін бөліктерде ғана сақталады, – деді Маттиас Хусс.

Ғалымдардың айтуынша, мұздықтар үшін қолайсыз жағдай жазғы аптап басталмай тұрып-ақ қалыптасқан. Қыста қардың қалыптан тыс аз түсуінен мұздықтар әдетте еру процесін баяулататын қорғаныш қар қабатынан айырылған.

– Қазіргі жағдайға қарасақ, осы жыл мұздықтар үшін өте қолайсыз болып жатыр. Қыста қар аз түсті, мұзды қорғайтын қабат жұқа болды. Аптап ыстық толқындары ерте басталды – мамырда, маусымда және енді шілдеде қайталанды, – деді гляциолог.

Мамандар Рона мұздығын жаз бойы бақылауды жалғастырады. Соңғы өлшеулер Швейцария Альпісіндегі мұздықтардың шегіну қарқыны барған сайын үдеп келе жатқанын көрсетіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің басым бөлігінде 42°C-қа дейінгі ыстық болады деген синоптиктердің ескертуі жарияланды.

Ал Сеулде ауа температурасы жеті жылдан бері алғаш рет 40 градустан асты.