Швейцарияда қатты дауыл мен бұршақ жауып, ондаған адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM – 28 тамыз күні таңертең Швейцарияның батыс және солтүстік-батыс кантондарының үстінен бұршақ аралас дауыл өтіп, айтарлықтай зиян келтірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Женевадағы тілшісі.

Фото: видеодан алынғын скрин

Жергілікті биліктің мәліметінше, Цюрих кантонында ірі бұршақтан 40-тан астам адам зардап шеккен. Олардың арасында балалар да бар.

Золотурн кантонында 42 жастағы әйел құлаған ағаштан ауыр жарақат алған. Аргау кантонында қатты жел жоғары кернеулі электр желісінің тіректерін сындырып, соның салдарынан бірқатар елді мекенде электр қуаты өшті.

SRF Meteo метеорологиялық қызметі күннің екінші жартысында елдің кейбір аудандарында қайтадан қатты найзағай болуы мүмкін екенін ескертті.

Аргау кантондық полициясы 240-қа жуық зақымдану оқиғасын тіркеді. Ағаштар құлап, құрылыс қоршаулары ұшып кеткен, жертөлелерді су басқан. Оқиға орнына 40-тан астам өрт сөндіру тобы жіберілді.

Ең көп зардап шеккен аумақтардың бірі Биррфельд ауданы болды. Онда дауыл жоғары кернеулі желінің төрт ірі бетон тірегін құлатқан. Оның екеуі Биррхард елді мекенінде коммерциялық ғимарат пен спорт залының үстіне құлап, нысандарға айтарлықтай зиян келтірді. Осыдан кейін бірнеше елді мекенде электр қуаты өшті.

Шамамен сағат 09:50-де Биррфельд маңындағы А1 тасжолында Берн бағытына қарай тығыз көлік ағынында келе жатқан жүк көлігін қатты жел аударып кеткен. Көлік жанында тұрған шағын жүк көлігіне соғылып, үстіне құлаған. Оның жүргізушісі қираған көліктен өздігінен шығып үлгерген. Жүк көлігінің жүргізушісі де зардап шеккен жоқ.

Золотурн кантонының диспетчерлік қызметіне сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін су басу және желдің салдарынан болған зақымдар туралы шамамен 290 хабарлама түскен. Леберн, Ольтен және Гёсген аудандары қатты зардап шекті. Жергілікті өрт сөндіру бөлімдері үздіксіз жұмыс істеді.

Эрлинсбахта құлаған ағаш 42 жастағы әйелді ауыр жарақаттады. Оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханаға жеткізілді.

Цюрих және Шаффхаузен кантондарында жарты сағат ішінде жедел қызметтерге өрт сөндірушілерден шамамен 300 шақыру және жедел жәрдем қызметінен 150-ге жуық қоңырау түскен. Әсіресе Винтертурдың солтүстік бөлігі зардап шекті. Мұнда бір мезетте 20-ға дейін жедел жәрдем көлігі жұмыс істеді. Дәрігерлер негізінен жарақаттар мен құлау салдарынан болған дене жарақаттарына байланысты көмек көрсетті.

Нефтенбах елді мекенінде бұршақ шамамен 40 адамды жарақаттады. Зардап шеккендердің басым бөлігі мектеп оқушылары. Бірнеше адам ауруханаға жатқызылды. Вюльфлинген және Обервинтертур аудандарында теннис добының көлеміндей бұршақ жауған. Соның салдарынан шатырдағы терезелер мен автокөліктердің артқы әйнектері сынған. Винтертурдағы мектептердің бірінде үзіліс кезінде сыртта жүрген балалар басынан жарақат алып, денелері көгерген.

Шаффхаузен кантонында келтірілген залал туралы шамамен 90 хабарлама тіркелді. Ондаған ағаш құлап немесе сынып, ғимараттар мен бірнеше автокөлікке зақым келген.

Тургау кантоны мен Цюрих әуежайы

Тургау кантонында полицияға шамамен 50 хабарлама түскен. Олардың басым бөлігі құлаған ағаштар мен сынған бұтақтарға қатысты. Зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар Боден көлінде экипажсыз қозғалып кеткен қайықтар туралы онға жуық хабарлама тіркелді.

Қатты найзағай Цюрих әуежайының жұмысына айтарлықтай кедергі келтірді. Жұма күні түске дейін Swiss әуе компаниясы келу және ұшу бағыттары бойынша 27 рейсті тоқтатты. Бұл шамамен 3100 жолаушыға әсер етті. Бірқатар рейс үш сағатқа дейін кешігуі мүмкін.

Әуе қатынасындағы шектеулердің негізгі себебі – әуежай маңында найзағайдың жиі түсуі. Қауіпсіздік мақсатында перрондағы жұмыстар уақытша тоқтатылып, ұшақтарды жүк тиеу, түсіру және жанармаймен қамтамасыз ету мүмкін болмады.

SRF мәліметінше, ауа райына байланысты жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Әуе қатынасына қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін.