Швейцарияда су астынан IV ғасырдағы рим көпірінің қалдықтары табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ааре өзенінің Золотурн маңындағы бөлігінде археолог-сүңгуірлер біздің заманымыздың IV ғасырына жататын ағаш көпірдің қадаларын тапты, деп хабарлайды Золотурн өңірінің ресми сайты .

Фото: x.com / @KantonSolothurn

Бұл жаңалық ежелгі Салодурум қонысы маңында өзен өткелі болғанын растайтын алғашқы материалдық дәлел болды. Рим дәуірінде қазіргі Золотурн қаласы осылай аталған.

Су астындағы зерттеулер өткен жылдың көктемінен бері Ааре өзені арқылы өтетін жаңа теміржол өткелінің құрылысына дайындық аясында жүргізіліп келеді. Кантондық археология қызметінің тапсырмасымен жұмыс істеген сүңгуірлер Венги көпірінен жоғарырақ ағыс бойынан бірнеше ағаш қаданы анықтады.

Өзеннің оңтүстік жағалауынан шамамен он метр жерде ұзындығы екі метрге жуық қадалар қатары сақталған. Зерттеушілердің пікірінше, олар көпір тіректерінің бір бөлігі болған.

Ағаш үлгілері зертханалық сараптамаға жіберілді. Даталау нәтижелері қадалардың біздің заманымыздың IV ғасырына тиесілі екенін көрсетті. Сол кезеңде I–III ғасырларда болған римдік қоныс бекіністі әскери пункт – каструмға айналдырылған.

Көпір Италияны Үлкен Сен-Бернар асуы арқылы Рейнмен байланыстыратын ежелгі жолдың бір бөлігі болған. Өткел орны кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы жерде ирелеңдеп ағатын Ааре өзені тар арнаға айналады, бұл оны өткел салуға қолайлы нүктеге айналдырған. Салодурум атауының өзі кельт тіліндегі «өзен шатқалы» немесе «толқын қақпасы» деген мағынаны білдіретін топонимнен шыққан. 

Ғалымдардың айтуынша, шамамен 1700 жыл бойы ағаш құрылымдардың сақталуы өте сирек кездесетін жағдай. 1969 жылы өзен арнасын тереңдету жұмыстары кезінде қадалар Венги көпірінің қорғауында қалып, бүлінбей сақталған.

Жаңа теміржол өткелінің құрылысы бұл нысандарға әсер етпейді. Ағаш құрылымдар су астында қала береді, өйткені дәл осы орта оларды бұзылудан ең жақсы қорғайды.

Алдағы сүңгу жұмыстары барысында мамандар ежелгі көпірдің басқа да қадаларын іздеуді жалғастырады.

Айта кетейік, бұған дейін таиландта ғалымдар салмағы 30 тонна болатын алып динозаврдың сүйегін тапқанын жаздық.