Швейцарияда топ жарған Александр Бублик рейтингіде ТОП-30-ға қайта кірді
АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартқан әлемдік рейтингіде қазақстандық спортшылардың орны анықталды.
Швейцарияның Гштаад қаласында ATP 250 турнирінің жеңімпазы атанған Александр Бублик 34-тен 30-ға көтерілді.
Сөйтіп ол ТОП-30-ға қайта кірді.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко 101-ден 110-ға сырғыды.
Михаил Кукушкин 197-сатыда қалса, Дмитрий Попко 214-тен 215-ке, Бейбіт Жұқаев 216-дан 218-ге төмендеді. Ал Тимофей Скатов 253-тен 309-ға, Денис Евсеев 280-нен 322-ге құлдырады.
А.Бублик пен А.Шевченко осы аптада Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінде бақ сынайды.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Вашингтон ATP жарысының алғашқы айналымында әлемнің 39-ракеткасы, франциялық Александр Мюллермен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың алғаш рет Вашингтон турниріне жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 12-орынға көтерілді.