Швейцариялық ғалымдар сиыр етінің баламасын жасап шығарды

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Швейцария зертханаларының бірінде жасанды сиыр еті өсірілді, деп АЗӘРТАДЖ агенттігі  Planet Today порталына сілтеме жасап хабарлады.

АЗӘРТАДЖ шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып хабарлағандай, ғалымдар нағыз сиыр етіне ұқсас бұлшықет тіндерін синтездеуге қол жеткізген. Алайда, мұндай өнімнің нарыққа шығуына әлі ерте.

Негізгі қиындық — қажетті қасиеттерге ие бұлшықет құрылымын жеткілікті мөлшерде өндірудің қиындығы. Көп жағдайда синтезделген талшықтар тым жіңішке әрі тиісті функционалдық қасиеттері жоқ екені айтылған.

Айта кетейік, Сингапурда жасанды тауық еті қазірдің өзінде нарықта ұсынылған, бірақ сиыр етіне қатысты жағдай әлдеқайда күрделі. Дегенмен, швейцариялық ғалымдардың жетістігі бұл технологияны дамытуға үлкен мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

2015 жылы Голландияның Маастрихт университетінің мамандары алдағы уақытта, шамамен 2020 жылға қарай адамзат жасанды жолмен өсірілген мал етін жеуге көшуі мүмкін екендігін айтқан еді.