Швейцариялық компания Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне $700 млн-нан астам инвестиция салмақ
АСТАНА. KAZINFORM - Harvest Agro компаниясы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға $700 млн-нан астам қаражат салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның бас директоры Дәулет Увашев KGIR-2025 алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің бапасөз қызметі.
Оның айтуынша, компания Қазақстан нарығында 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді, жер мен элеватор сатып алған, сондай-ақ жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруды бастаған, яғни Қызылорда облысында 20 мың гектар алаңда техникалық қарасора, жүгері және соя өсіреді.
- Біздің инвестор – швейцариялық компания. Ол Қазақстанға инвестиция салмақ ниетте. Еліміздің сегіз-тоғыз облысында 300 мың гектарға жуық суармалы жерлерді игеруді жоспарлап отырмыз, — деді Дәулет Увашев.
Екінші кезеңде олар 2026 жылдан бастап Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу зауыттарын салуды және 50 мың гектар жерді игеруді жоспарлап отыр.
Дәулет Увашев өзінің Harvest Agro компаниясы Kazakh Invest-пен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті, олар жобаларға қолдау білдіріп, бизнес процесті сүйемелдеп келеді. Сондай-ақ әкімдіктермен де меморандумдарға қол қойылып, бизнес-жоспарлар мен қаржылық үлгілер дайындалған.
Өсірілген өнім негізінен Қазақстанның ішкі нарығына, ал бір бөлігі экспортқа бағытталмақ.
- Соя концентраты, аминоқышқылдар өндірілетін болады. Шрот пен күнжара жемге кетеді. Техникалық қарасорадан біз құрылыс индустриясы үшін панельдер, жылу ұстағыштар және плиталар шығаруды жоспарлап отырмыз. Біз терең қайта өңдеу деңгейіне дейін өңдеп, өндірген өнімдерімізді ішкі нарыққа және экспортқа шығаратын боламыз, — деп атап өтті Дәулет Увашев.
Осыған дейін Алматы мен Швейцария арасындағы сауда айналымы 303 мың долларға жеткені туралы жаздық.