Швейцарияның Альпі тауларындағы тұтас бір ауылды су шайып кетті

Фото: Фото: BILD

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияның Альпі тауындағы Блаттен ауылын су басып қалды, деп хабарлайды BILD. 

Бір күн бұрын аталған елді мекенде жаппай көшкін жүріп, тұтас ауылды су шайып кетті. Блаттен тұрғындары алдын ала эвакуацияланған. Алайда, апат мұнымен біткен жоқ – енді бүкіл аймақты су басу қаупі төніп тұр. 

Вале кантоны билігінің мәліметінше, Лонц өзенінің арнасы бітеліп қалған. Бір күн бұрын басталған жаңбыр салдарынан су деңгейі бұрынғыдан бетер жылдам көтеріліп жатыр.

– Көл пайда бола бастады, ол барған сайын үлкейіп келеді. Қар массасы мен тастар бөгет рөлін атқарады, алайда өзен жарылып өтудің жолын табады. Біз мұны басқара алмаймыз, - деді геолог Рафаэль Майорац. 

Билік Швейцария армиясынан шұғыл түрде көмек сұрады. Халыққа құзырлы органдардың нұсқауын қатаң орындау және қауіпті аймаққа жақындамау тапсырылды. Көрші ауылдар да көшірілді.