Швеция үкіметіне 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына жас шектеуін енгізу ұсынылды. Алғашқы алдын ала есепте бұл талап 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін екені айтылған.
Швецияның SVT телеарнасының хабарлауынша, өткен жылы әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу мүмкіндігін зерттеген арнайы комиссия үкіметке алғашқы аралық есебін тапсырған.
Құжатта әлеуметтік желілердің балаларға тигізетін кері әсеріне байланысты олардың қолжетімділігін шектеу қажеттігі айтылып, ең төменгі жас мөлшерін 15 жас деп белгілеу ұсынылған.
Jakob Forssmed ұлттық БАҚ-қа берген мәлімдемесінде бұл бастама балалардың балалық шағын қайтаруға бағытталған маңызды қадам болуы мүмкін екенін атап өтті.
— Біз тұтас бір ұрпақты шексіз парақтауға құрбан етіп жатырмыз, — деді министр.
Сонымен қатар, Швецияның денсаулыө сақтау агенттігі де ата-аналарды балаларымен бірге уақыт өткізген кезде телефондарын шетке қоюға шақырды. Олар экранға тәуелділіктің балаларға теріс әсер ететінін ескертіп, ата-аналарға үйдің кейбір бөлігін «телефонсыз аймақ» деп белгілеуді ұсынды.
— Балаңызбен бірге болғанда телефонды басқа жерге қойыңыз, — делінген ведомство үндеуінде.
Бұған дейін Малайзия елінің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектейтіні туралы жаздық.