Президент Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды және «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммитіне қатысуда.
«UNCTAD баяндамасына сәйкес, өткен жылдың өзінде Орталық Азияға таза инвестициялар ағыны 40% артып, 10 млрд долларды құрады, оның 60% Қазақстанға тиесілі. Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына шамамен 3,6 млрд доллар салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды арттыруға мүдделіміз. Ол үшін біз экономиканы әртараптандыруға, оның ішінде шетелдік капитал салымдарына барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды экономикалық реформалар жүргізіп жатырмыз», - деді Мемлекет Басшысы.
Өз сөзінде Президент жақында Қазақстан мен Сауд Арабиясы құрған Іскерлік кеңес екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін іске асыру үшін маңызды алаң болуға арналғанын айтты.
«Біз Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекеттермен осындай ынтымақтастық тетіктерін іске қосуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының озық құралдарын белсенді пайдалануға шақырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы 18-19 шілдеде жұмыс сапарымен Сауд Арабиясына баратыны хабарланған болатын.
Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапары Исламда екінші қасиетті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барудан басталды.
Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Жидда қаласына барды.
«Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммиті аясында Кувейт Мемлекетінің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахпен, сондай-ақ Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді.