Шығыс Қазақстан мектептерінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзуға қатысты 700-ден астам жағдай тіркелді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 700-ден астам фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жаңа оқу жылының қарсаңында мектептердегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына тексеру жүргізді.

«Объектілер аумағының, ғимараттарға кірме жолдардың, өртке қарсы сумен жабдықтау, өрт автоматикасы, эвакуациялау жолдарының жай-күйіне, жарықтандыру, электр жабдықтарының жарамдылығына, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды. Анықталғандай, көбінесе эвакуация жолдарының бөгде заттармен бітелуіне байланысты бұзушылықтар, өрт қауіпсіздігі жөніндегі құжаттамадағы кемшіліктер, бастапқы өрт сөндіру құралдарының қажетті санының болмауы жиі кездеседі. Өрт инспекторларының ұсынымдарын мектеп әкімшілігі оқу жылы басталғанға дейін орындауға міндетті», - дейді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.


Жыл ішінде облыс бойынша 180 мектепке осындай тексеру жүргізілген. Соның нәтижелеріне сәйкес, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты 742 факті тіркелді.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласындағы мектептердің спортзалдары, сырттағы спорттық жабдықтары қаншалықты қауіпсіз екендігі туралы репортаж берген едік.