Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттеріне білім гранттары тапсырылды

None
ӨСКЕМЕН. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскеменде «Қазақстан Конституциясының әлеуеті - елдің индустриялық-инновациялық дамуына» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның барысында тұрмысы төмен отбасыларының  жалпы білім беретін мектептердің 79 түлегі облыс әкімінің гранттарына ие болды.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жаңа студенттері атанған түлектерге гранттарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырды. ШҚМУ гранттарының иегерлері - тұрмысы төмен отбасылардың балалары, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар.

Солардың бірі Жансая Тоқтағанова - Өскемен қаласының балалар ауылында тәрбиеленді. Жансая 6-ыншы сыныптан бастап, балалар үйінде оқып тәрбиеленді. Биыл ол мектепті бітіріп, ШҚМУ-ға «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына түсті.

Ал республикалық ғылыми-практикалық конференцияға келетін болсақ, оған сондай-ақ ҚР Конституциялық Кеңесінің аппарат басшысы,  заң ғылымдарының докторы Әлібек Темірбеков қатысты. Ол «ҚР Конституциясының әлеуетін жүзеге асыру - Конституциялық кеңестің басты міндеті» деген тақырыпта баяндама жасады. Конференцияда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ШҚМУ ректоры, профессор Бейбіт Мамраев баяндамалар жасады.

Жаңа оқу жылының алдында университеттің жетекші оқытушылары барлық студенттік дәрісханаларда ҚР Конституциясы тақырыбына лекциялар оқыды.