5 қыркүйек күні Семей қаласының тұрғыны елордада Мәңгілік ел мен Қонаев даңғылдары қиылысына сот шешімімен келіспейтіні жазылған плакатпен шыққан.
Үстіне бензин шашқан ол өзін өртеп жібермек болды. 37 жастағы ер адамды полицейлер тоқтатты.
Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, бұл азамат үйі мен шаруашылық қора-жайының қасына салынған емхана иесімен соттасқан.
«Емхана сол жерге 2014 жылы салынған. Бір жылдан кейін нысан акт бойынша пайдалануға қабылданған соң, оны салған адам қазіргі иесіне сатқан. Өзін өртемек болған азамат емхананың үйін күннен жауып қалғанын, соның салдарынан қабырғалары көгеріп, жағымсыз иіс пайда болғанын айтып, қалалық сотқа арызданған. Сот емхананы бұзу туралы шешім шығарды», - делінген ақпаратта.
Алайда бұл шешіммен келіспеген емхана иесі облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді.
Оның айтуынша, жалпы ауданы 598,3 шаршы метрді құрайтын екі қабатты медицина мекемесі талай адамды жұмыспен қамтып, халықтың денсаулығына қызмет етіп отыр.
Оның жалпы құны - 150 млн теңге.
«Апелляция соты екі тарапты медиация арқылы татуластырмақ болды. Жауапкер талапкердің үйі мен жер телімін 12 миллион теңгеге сатып алуға ұсыныс жасаған. Алайда талапкер бұған келіспеді. Сот объектіні салу кезіндегі арақашықтықтың сақталмауы ең соңғы шара – ғимаратты бұзуға негізсіз деп санады. Нысан жеке меншіктегі учаскеде тұрғызылғандықтан заңсыз салынды деуге келмейді. Емхана талапкердің үйімен бірге жапсарлай тұрған, кейін бұзылған ескі үйдің орнына салынған. Үй мен емхананың арасы - 8,4 метр», - делінген ақпаратта.
Оның үстіне талапкер үйінің қабырғалары көгеруіне емхананың күн сәулесінен жауып қалуы себеп болғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынбаған.
Сонда да қазіргі уақытта емхана иесі үйді күннен жауып тұрған қазандықты бұзып тастаған.
«Осыған орай емхананы бұзу туралы сот қаулысының күші жойылды. Тараптар бұл шешіммен келіспеген жағдайда Жоғарғы сотқа заңда белгіленген мерзімде шағымдануға құқылы», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.