Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің жаңа орынбасарын таныстырды.

Бұл қызметке бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған Шалқар Байбеков тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жаңа орынбасарын таныстырған Даниал Ахметов Шалқар Байбековтың  аймақтағы аграрлық саланы дамыту жолында маңызды мәселелерді шешуде өзінің тәжірибесін ұтымды пайдаланатындығына сенім білдірді.

Шалқар Байбеков 1967 жылдың 6 ақпанында Семей облысы Абай ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақстан мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша, Қазақстан мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1988 жылы Семей облысы Жаңа Семей аудандық инспекциясында аға инспектор қызметінен бастады.

1990 жылдың шілде айынан бастап Семей салық инспекциясы саласында жұмыс істеді. 1999 жылы Павлодар бойынша, одан кейін Астана және Қарағанды қалаларында салық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2008-2014 жылдары Астана салық департаментінің Есіл ауданы бойынша салық басқармасын басқарды.