Шығыс Қазақстан облысында 11 мектеп салынып жатыр
Өңір бойынша мектептерді жөндеуге биыл 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл туралы бүгін ШҚО Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мәлім етті.
«Жаңа оқу жылының басталуына 10 күн қалды. Жаз бойы бірқатар мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтқанда, 7 мектепті күрделі жөндеуге 700 млн теңге, 70 мектепті ағымдағы жөндеуге 1,4 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 39 білім ордасындағы жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін толықтай аяқталады», - дейді ол.
Биыл облыста 4200 орындық 11 мектеп салынуда. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24,1 млрд теңгеге 7 мектептің құрылысы басталған. Өскеменде 1500 орындық 3 мектеп, Риддерде 600 орындық, Шемонаихада 300 орындық, Глубокое ауданына қарасты Опытное поле және Белоусовка ауылдарында 600 орындық 2 мектеп бой көтермек. Жоспар бойынша олар келесі жылы пайдалануға беріледі.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Өскеменде «Нұрлы жол» шағын ауданында 600 орынға арналған мектептің құрылысы жалғасуда. Ол 2023 жылдың желтоқсан айында салынып бітеді. Ал Зайсан қаласында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Құрылыстың жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайды», - дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 2 мектеп салынуда. Оның бірі – Тарбағатай ауданы, Шеңгелді ауылында 100 орындық, екінші мектеп – Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма ауылында 200 орындық.
Жалпы 2023-2024 оқу жылында Шығыс Қазақстан облысында 343 мектепте 98 107 оқушы білім алады. 9 654 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайын деп отыр.