Шығыс Қазақстан облысында 3 мыңға жуық баланың тілегі орындалды
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде үш айға созылған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы аяқталды. 2016 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының Білім берудегі жаңа технологиялар орталығы қайырымдылық акциясын өткізіп келеді. Акцияның алты жылында бүлдіршіндердің 13 мың тілегі орындалды. Биыл балаларды қуанту 1 наурыздан басталған.
«Акция барысында Tylek.kz сайтында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерден, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан, ата-әжелері қамқоршы және ата-аналары мүгедек балалардан 2944 тілек хаттар орналастырылып, орындалды», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығынан.
Шығысқазақстандық балдырғандар хаттарында әртүрлі өтініштерін білдірген. Оның ішінде қуыршақтар, велосипед, коньки, шаңғы, киім-кешектер, оқу құралдары мен кеңсе тауарлары да бар. Облыстың жанашыр халқының арқасында балалар барлық қалаған сыйлықтарын алды. Ең белсенді демеушілер облыстық Білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.