Шығыс Қазақстан облысында «Алтай - түрік әлемінің алтын бесігі» халықаралық форум өтеді

Фото: None
ТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат - Тамыздың 26-27 күндері Шығыс Қазақстанда «Алтай - түрік әлемінің алтын бесігі» атты алғашқы халықаралық форумы өтеді. Іс-шараны ұйымдастырушы - облыстық әкімдік, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Форум әлемдік деңгейдегі алыс және жақын шетел түркітанушыларының қатысуымен Қазақстанда алғаш рет өткелі отыр.

Іс-шараның басты мақсаты - Шығыс Қазақстанның мәдени құндылықтарын насихаттау және облыс аумағында мәдени туризмді дамыту үшін инвестиция тарту.

Халықаралық кездесуге әлемнің 12 елінің өкілдері қатысады.

Форумға ТЮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және Өкілетті елшісі Лале Улькер ханым, Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Харад Юдзо, Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы Елшілігінің Консулы Квон Донг-Сок және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігі істеріндегі уақытша сенімді өкілі Сергей Тарасенко қатысады деп күтілуде.

Соңғы ғылыми зерттеулер көрсеткендей Алтай - Қиыр Шығыстан Еуропаға дейінгі аралықты мекендейтін сан-алуан халықтардың атамекені. Берел қорғанындағы қазба жұмыстары адам өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын тағы бір айшықтай түсті. Сондықтан Шығыс Қазақстан түркі мәдениетінің жұрнағын қорғаушы өлке саналады.

Халықаралық форуммен қатар, 17-27 тамыз аралығында ШҚО әкімдігі мен ТҮРКСОЙ Қазақстанда алғаш рет ТҮРКСОЙ VIII халықаралық фотосуретшілер зертханасын өткізіп жатыр. Шараға Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Тува республикаларының өкілдері қатысуда.

Форум аясында 26 тамыз күні Өскемен қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен форум қатысушыларының БАҚ, қоғамдық ұйымдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесуі өтеді.

27 тамызда Қатонқарағай ауданы Берел мұражайының маңында құрылған киіз үй қалашығында «Алтай - алтын бесігім» атты түркі тілдес халықтардың халықаралық дәстүрлі музыкалық фестивалі өтеді.

Айтулы форум Ұлы Алтай халықтары мәдениеттерінің жанасуы һәм қайта өркендеуі жолындағы кезекті қадам болмақ.