Күз мезгілі келісімен диқандар әдеттегідей өнім жинауға кіріскен. Қазіргі таңда өңірде жаздық бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, масақ қоспасы, жүгері, тары, бұршақ, бақша дақылдары және күздік рапс 100% жиналған.
«Облыстың кейбір аймақтарындағы ауа-райының қолайсыздығы жұмысқа кедергі келтіруде. Десе де диқандар жауын-шашынға қарамастан жұмыстарын жалғастырып жатыр. Көкөніс өнімділігі гекторына – 282,7 центнерді, бақша дақылдары - 328,6 центнерді құрады. Сондай-ақ майлы дақылдар 26,3%, көктемгі рапс 54%, соя 73,6%, күнбағыс 24%, мақсары 86,4%, қыша 71,1%, зығыр 13%, картоп 98% жиналды», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.
Өңір агроқұрылымдары егін жинау науқанын жемісті жүргізуге көмектесетін материалдық-техникалық құралдармен және басқа да ресурстармен толықтай қамтылған. Облыстағы шаруашылықтар мен элеваторларда 90 кептіргіш пен астық жинайтын 3248 комбайн бар. Астықты сақтау және кептіру қондырғыларымен жабдықталған лицензиясы бар 8 элеватор жұмыс істейді.
Сонымен қатар облыс шаруаларына ауа райының қолайсыздығына байланысты ҚР Энергетика министрлігі егін жинау кезінде тұқымдарды кептіру үшін қосымша 7 мың тонна дизель отынын бөлген.