ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында полицейлерге мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай аудандық полиция бөліміне қоңырау шалған белгісіз азамат мектептердің біріне бомба қойылғандығы туралы хабар берген.
«Тәртіп сақшылары дереу оқиға орнына аттанды. Алайда бұл хабар жалған болып шықты. Тексеру барысында білім ордасынан ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабына (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта жалған хабар берген адамның кім екені анықталып жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.