Шығыс Қазақстан облысындағы апат салдарын жою үшін қосымша 1 млрд. 655 млн. теңге бөлінуі тиіс

әуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шығыс Қазақстан облысында орын алған апат салдарын жою үшін қосымша 1 млрд. 655 млн. теңге бөлінуі тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Ерболат Әпсәлямов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні Үкіметтің дер кезінде шешім қабылдауы нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқынының алдын алуда біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен де, қар суының мол болуы салдарынан Тарбағатай ауданы Көкжыра, Жантікей ауылдарындағы, Күршім ауданы Барақ ауылындағы жалпы білім беретін мектептердің қирағаны ерекше алаңдаушылық туғызады. Осыған орай, өңірдегі жалпы апат салдарын жою үшін бюджеттен 1 млрд. 654 млн. 650 мың теңге шамасында қосымша нысаналы трансферт бөлуді сұраймыз», деді депутат. Сонымен бірге, депутат 600, 180, 132 оқушы орынын құрайтын жоғарыда аталған үш мектептің құрылысына да қаражат қарастыру қажеттігін еске салды.