Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны зардаптарын жоюға 10,3 млрд. теңге қажет болады

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шығыс Қазақстан облысында орын алған су тасқыны зардаптарын жоюға 10,3 млрд. теңге қажет болады. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Сергей Плотников осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Су тасқынының алғашқы соққысынан өңірді қалпына келтіру және зардаптарын жоюға алдын ала бағалаулар бойынша 10,3 миллиард теңге қажет. Бұл ретте қираған үйлердің орнына салынатын 536 тұрғын үйдің құрылысы үшін 3 миллиардқа жуық теңге керек. 621 үйдің ағымдағы және зілзілаға қарсы күшейтілген күрделі жөндеулеріне 584 миллион теңге қажеттігі айқындалды. Облыстың Көкжыра, Жантекей, Жиделі ауылдарында құрылысына 1,7 миллиард теңге жұмсалатын 140, 180 және 600 орындық мектептер салынуы тиіс. Сондай-ақ, төрт денсаулық сақтау нысанының құрылысына шамамен 600 миллион теңге кететін 4 ауылдық дәрігерлік емхана салынуы шарт», деді С. Плотников. Оның айтуынша, бұдан бөлек облыстың автокөлік жолдарының қызметі үшін арнайы техникалар сатып алу қажет болса, өңірлердегі су қоймаларын қайта жөндеуге де біршама қаражат қажет етіледі.

«Осы айтылғандарды ескере отырып, Үкіметтің резервінен қаражат бөлінуін сұраймын. Бұндай шаралар елді-мекендерге тұрғындардың қайта оралуына жағдай жасайды, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, алдағы төтенше жағдайларды жою шығындарын қысқартатын болады», деді сенатор. Естеріңізге сала кетейік, су тасқынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесіп, жағдайды өз көзімен көру үшін Сенат депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников осы өлкеге барып келген болатын.