Шығыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдай Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында - ҚР бірінші вице-премьері Ө.Шөкеев
«Облыстың бірқатар аудандарындағы су тасқынымен байланысты төтенше жағдай Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында», - деді Ө.Шөкеев.
«Осыған байланысты наурыздың 29-ында осы жұмыспен тікелей айналысып отырған бірқатар министрліктер басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Ең алдымен, тұрғын үйлерге, әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандарға, гидротехникалық құрылыстарға және коммуникацияларға келтірілген шығындар көлемі анықталуы тиіс», - деп атап өтті вице-премьер.
Сондай-ақ денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктеріне аймақта эпидемиологиялық жағдайға жол бермеу үшін шаралар алу тапсырылды.
Ө.Шөкеев Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру үшін наурыздың 19-ында ҚР Үкіметі 850 млн. теңге бөлгенін еске салды.
Бұдан басқа жедел штаб отырысында осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» қоры 300 млн. теңге, «ҚазАгро» холдингі - 350 млн. теңге бөлгені белгілі болды.
Наурыздың 31-імен сәуірдің 1-і аралығында Ө.Шөкеев бастаған үкіметтік топ биыл қыс қатты болған Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында болды. Жиі бұрқасын мен боран соғып, аяз - 53 градусқа жетті, әлсін-әлі қар жауып, нормадан бірнеше есе асып түсті. Енді қалың жауған қар облыс тұрғындары үшін су тасқыны қаупін тудыруда.