Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында таулы жерде шөп өртеніп жатыр
22:07, 06 Шілде 2023
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында таулы жерде шөп өртенуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданындағы таулы жерде шөп өртенді.
- Күршім ауданы Құйған ауылдық округінің аумағында шыққан дала өртінің жалпы ауданы шамамен 6 гектарға жетеді. Таулы жер мен қатты желдің салдарынан қызыл жалын бірден жан-жаққа тарап кетті. Техника жетуі қиын жер болғандықтан өрт сөндірушілерге жаяу жұмыс істеуге тура келуде, - делінген ақпаратта.
Тілсіз жауды сөндіруге Үлкен Нарын және Күршім орман шаруашылықтарынан, ТЖД өрт сөндіру қызметінен 23 адам мен 5 техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта «Қазгидромет» ақпараты бойынша өрт орнындағы жел екпіні секундына 3 метрге жетеді.