Шығыс Қазақстанда 10 гектарға жайылған дала өрті сөндірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында 10 гектарға жайылған дала өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт бүгін Өскемен-Алматы тасжолының бойындағы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің маңынан шыққан.

«Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Тілсіз жау шөп пен қамысты шарпыған. Көп ұзамай жалпы ауданы 10 гектарды құраған жалын толықтай ауыздықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Отпен күреске барлығы 12 адам мен 5 техника жұмылдырылған. Өрттің нақты неден шыққаны анықталып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 800 тоннадан астам пішен жанып кеткенін хабарлаған едік.



Видеодан алын ғ ан кадр