Шығыс Қазақстанда 12 балықшы құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  ШҚО құтқарушылары демалыс күндері 12 балықшыны эвакуациялады. Құтқару операциялары Күршім, Көкпекті аудандарында  өтті, деп хабарлады өңірлік ТЖД.

Балықшылар түк көрінбейтін боранда қалып қойған. Шығыс өңірлік аэромобильдік жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің қызметкерлері Ертіс өзенінен Алғабас ауылына дейін өзеннен екі балықшыны эвакуациялады.

Көкпекті ауданында Үлгілі малшы тұрғындары өз ауылдарынан 30 шақырым жерде Бұқтырма су қоймасында балық аулаған. Олар жеңіл көлікпен келіп, кері қайта алмай қалған.  Құтқарушыларға көмекке жүгінген. ӨБ-58 қызметкерлері арнайы көлікпен келіп, 10 балықшыны құтқарды.

Азаматтарға медициналық көмек қажет болған жоқ.  Барлық балықшылар - Күршім және Көкпекті аудандарының жергілікті тұрғындары.

Қыс басталған кезеңнен бастап өңір құтқарушылары 50-ге жуық балықшыға көмектесті.