Облыс бойынша дәрігер тапшылығы сезілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова мәлім етті.
«Шығыс Қазақстан бойынша 130-ға жуық дәрігер жетіспейді. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін жыл сайын медициналық ұйымдардың басшылары мен қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары елдегі медициналық жоғары оқу орындарының бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуда. Сондай-ақ ауылға жұмысқа келген жас мамандарға көтерме қаражат пен қызметтік тұрғын үй беру көзделген. Биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша дәрігерлерге 20 жеке тұрғын үй бөлу жоспарланып отыр», - дейді ол.
Оның айтуынша, осы жылы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кенті мен Зайсан ауданы Зайсан қаласында емхана, Өскемен қаласы Ахмирово ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтереді.
«Жалпы 2023-2024 жылдары өңір бойынша 36 жаңа медициналық нысан салынады. Атап айтқанда, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік акушерлік және 27 медициналық пункт ашылмақ», - дейді А.Қапанова.