ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен бірлесіп, 2,5 тоннадан астам жабайы қарасораны өртеді.
«Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және олар өздігінен өсетін орындарды анықтау мақсатында өңір аумағына тікұшақпен барлау жасалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде, Зайсан ауданының аумағында биіктігі адам бойына жететін, ұзындығы 5 шақырымнан асатын қарасора тұқымдас өсімдік плантациясы жойылды. Бұл өсімдіктен «марихуана» және «гашиш» сияқты есірткі құралдары әзірленеді», - делінген ақпаратта.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 90-нан астам есірткі қылмысы анықталған.
Оның ішінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 11 фактісі тіркеліп отыр.
Биыл заңсыз айналымнан 250 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 5,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.