ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 2 тонна солярка тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күршім ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға 20 шілде күні Бурабай ауылының маңында болған.
«2 тонна солярка тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылып қалды. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Сол жерге келіп жеткен полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оқиғаның толық мән-жайы содан кейін белгілі болады», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, 7 шілде күні дәл осы Күршім ауданында 23 тонна күкірт қышқылын тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылып түскен болатын. Соның салдарынан жерге 20 тоннаға жуық күкірт қышқылы төгілген еді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.