ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жазда ересектердің қарауынсыз қалған балалар мен жасөспірімдер жазатайым оқиғаларға жиі ұшыраған. Жыл басынан бері өрттен 10 бала құтқарылып, 7 бала терезеден құлады. Шомылу маусымы кезінде 9 бала суға батқан.
«Кеше Зайсан қаласында ересектердің қарауынсыз қалған 2 жасар бала арыққа батып кетті», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Балалардың жарақаттануына және көз жұмуына әкеліп соғатын қайғылы оқиғалар көбінесе – күйіп қалу, биіктен құлау, суға бату, улану. Талдау нәтижелері көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – ата-ананың балаларды дұрыс қадағаламауы, күнделікті өмірде, көшеде, ойын ойнап жүрген кезде және спортпен шұғылданғанда балалардың сақтықты ұмытып кетуі.
«Құрметті ата-аналар! Кез келген жағдайда қауіпсіздік ережелерін ұмытпау баланың өмірі мен денсаулығының кепілі екендігін ұмытпаңыздар. Күнделікті өмірде қауіпсіздікті сақтауды үйретуде ата-аналарға үлкен міндет жүктелген», - дейді құтқарушылар ата-аналарға.