Шығыс Қазақстанда 200-ге жуық ауылдың бас жоспары жоқ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 200-ге жуық ауылдың бас жоспары жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша 363 елді мекен бар.

Соның 171-інің бас жоспары, даму және құрылыс схемалары әзірленген болса, 192 ауылда бұл маңызды құжат әлі күнге дейін жоқ.

Соның салдарынан бұл ауылдарда жер қатынастары, сәулет және құрылыс саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуде қиындық туып отыр.

«2022 жылғы 24 ақпанда облыс әкімдігінің қаулысымен елді мекендердің бас жоспарларын, даму және құрылыс сызбаларын әзірлеу және түзету жөніндегі жол картасы қабылданды. Соған сәйкес, 2025 жылға дейін 163 перспективті және маңызды елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу жоспарланған», - дейді басқарма басшысы Надежда Михейлис.

Бекітілген жол картасы бойынша биыл 46 ауылдың бас жоспарын әзірлеу міндеті тұр.

Қазіргі уақытта Өскемен және Зайсан қалаларының жаңартылған бас жоспары дайын, ал Риддер, Алтай, Серебрянск, Шемонаиха қалалары бойынша түзетулер енгізілуі қажет.