ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда Риддер қаласында және Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде 600 орындық білім беру мекемелерінің құрылысы аяқталуда. Семейдегі екі мектеп те салынып бітуге жақын. Тек аумақты абаттандыру ғана қалды. Ал Шемонаиха ауданындағы мектеп жеке инвестициялар есебінен салынуда.
«Алдағы уақытта оң нәтиже берген үлгілік жобаларды пайдалана отырып, Ұрынхайка, Жолмұқау, Шеңгелді, Малақ, Жыланды, Қапай батыр және Кеңтарлау ауылдарында бірнеше шағын жинақты мектептер саламыз. Үлгілік жобалар бюджетті жаңа құжаттамаға жұмсамауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жобалармен жұмыс істеген мердігер компаниялар өздерін жақсы жағынан көрсете білді», - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Қазіргі таңда Өскемен, Аягөз, Семей қалаларында мектеп салу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталуда.
«Білім басқармасына оқу орындарын қайда және қанша орынға салу керектігі туралы деректерді нақтылауды тапсырдым. Сонымен қатар мектеп-интернаттар салу мәселесін де қарастыру қажет. Балаларға сапалы білім беру - бұл ең негізгі бағыт. Сондықтан жаңа мектептер заманауи білім беру жүйесінің барлық талаптарына сай салынуы керек», - деді облыс әкімі.