Шығыс Қазақстанда 7 682 үйді су басу қаупі бар

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көктем кезінде 7 682 үйді су басу қаупі бар , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс өзендеріндегі судың тасуы наурыздың екінші онкүндігінде басталып, маусымның екінші онкүндігінің ортасына дейін созылады.

«Бүгінде өңір бойынша 108 елді мекенде 23 576 адам тұратын 7 682 үйді су басу қаупі бар. Аталған учаскелерге мониторинг жүргізілуде. Күршім, Бұқтырма, Тұрғысын өзендері, Кіші Үлбі су қоймасы тексерілді. Облыста жоғары дайындық режимі енгізілген. Әкімдіктер өз аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды», - деді ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 304 мың текше метр қар шығарылды. Көлік және темір жолдардағы су өткізу құрылыстары, көпірлер, арықтар мен каналдар тазартылған. 104 мың дана ыдыс-қап, 6,7 мың тонна инертті материал дайындалды.

3 наурыздан бастап облыстың 7 ауданындағы Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Үбе өзендерінде мұзды жару жұмыстары басталды.

Жалпы саны 2000 техника мен 200 мотопомпа сақадай сай. 111 эвакуациялық пункт, 1000 жатын орын дайындалды.