Шығыс Қазақстанда 9 перзентхана қайта жабдықталады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 9 перзентханаға жаңа жабдықтар сатып алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірімізде дүние есігін ашқан сәбилердің 80% - Өскемен және Семей қалаларында. Ал аудандардағы болашақ аналар айы-күні жеткенде жолға шығып, жүздеген шақырымды артқа тастауға мәжбүр болуда. Бұл дұрыс емес. Сондықтан 4 аудан орталықтарындағы және 5 іргедегі ауылдарда орналасқан 9 перзентхана бөлімі қайта жабдықталады», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов қоғамдық кеңес алдындағы есеп беруінде.

Осының нәтижесінде жоғары медициналық стандарттарға сәйкес жабдықталатын 9 перзентхана екінші деңгейге көтерілмек.

«Сондай-ақ биыл Алтай және Аягөз қалаларында кардиоорталық ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсат – тек Өскемен мен Семейде ғана емес, барлық аудандардағы медицина сапасын жақсарту. Мақаншы, Марқакөл сынды шалғай ауылдардың халқы емделу үшін арлы-берлі сабылып жүрмеуі тиіс», – дейді аймақ басшысы.