Ведомствоның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы биыл наурыздың соңында Көкпекті ауданында болған. Көлігін игере алмаған 34 жастағы азамат қарсы бағыттағы жол арқылы жолдың оң жақ жиегіне өтіп, 46 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шеккен адам ауыр жарақат алып, оқиға орнында мерт болды.
Жаяу жүргіншіні басып кеткеннен кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ кейін ШҚО полиция қызметкерлері оны қолға түсірді. Тексеріс барысында тәртіп сақшылары жүргізуші бұған дейін көлік айдау құқынан айырылғанын, сондай-ақ мас болғанын анықтады.
Полиция департаментінің басшысы Сағат Мадиевтің айтуынша, Көкпекті аудандық соты «Камаз 55102» маркалы автокөлік жүргізушісін 6 жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік айдау құқынан айырды.
«Қазіргі уақытта көлік айдау құқынан айырылған және алкогольдік ішімдікке мас болған азамат қылмыстық қылық тобынан қылмыстық құқықбұзушылық тобына ауыстырылды, яғни жазасы қатаңдатылды. Мұндай құқықбұзушылық үшін қазіргі уақытта 5 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған, ал адам денсаулығына ауыр залал келтірсе немесе абайсызда өліміне себеп болса 10 жылға дейін қамауға алу қарастырылған», - деп атап өтті полиция полковнигі Сағат Мадиев.
Сонымен қатар, жеті жылға дейін немесе өмір бойы көлік айдау құқынан айыру жазасы бар. 2020 жылдың өткен кезеңдерінде полиция департаментінің аймақтық бөлімшелерінде осы секілді 118 қылмыстық іс қаралған, оның 108-не шешім шығарылды.