Шығыс Қазақстанда әлі де 13 учаскеде сел қаупі бар

Фото: Фото: ШҚО ТЖД баспаcөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сел жүру қаупі жоғары кезең басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мамыр айының ортасынан өңірде сел қаупі жоғары кезең басталды.

Жалпы облыс бойынша сел жүру қаупі төніп тұрған 13 ошақ бар, олар Алтай, Катонқарағай, Зайсан аудандары мен Риддер қаласында орналасқан.

«Аталған аудандардағы таулардың басында 146 мұздық көл пайда болды. Бұл көлдер 13 елді мекенге қауіп төндіреді. Мамандар жыл сайын көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап және олардың толық еруіне дейін сел қаупін бақылау үшін аэровизуалды зерттеу жүргізеді», - делінген ақпаратта.

Облыста 9 учаскеде көшкін қаупі бар.

Бұл негізінен автожолдарда, өзен бассейндерінде, Риддер қаласындағы Громотуха, Үбе, Алтай ауданындағы Бұқтырма, Хамир, Черновая, Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма, Зайсан ауданындағы Кендірлік жағалық еңістер мен таулардың кесінділерінде.

«Сел қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу қалқаны және көшкін қаупі жоғары учаскелерде 18 қалқан орнатылды. Сел және көшкін жүруі мүмкін аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, объектілер мен кәсіпорын басшыларына, жеке тұрғын үй иелеріне тиісті хабарламалар мен ұсынымдар жіберілді», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар