Арнайы мамандар ірі спорттық жарысты өткізілетін Спорт сарайын материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарымен айналысып жатыр.
Өңір басшысы Даниал Ахметов мамандар мұзды ерітіп, арнайы жабындыны төсеп үлгерген турнир өткізілетін негізгі спорт нысанындағы дайындық жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ бұл жерде жарық құралдары ауыстырылып, зал сырланды, автокөлік тұрағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа заманауи экран орнатылды.
Облыстың бас спорт ғимаратына бір сәтте 4 мыңға жуық көрермен сыйып кетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа кіру тегін.
Еске сала кетейік, 25-31 мамыр күндері Шығыс Қазақстан облысы орталығында Азия континентіндегі үздік спортшылардың қатысуымен волейболдан халықаралық Азия чемпионаты өткізіледі. 8 команда қатысатын жарыста 2017 жылғы республикалық турнирде жеңімпаз атанған шығыс қазақстандық «Алтай» волейбол командасы Қазақстанның намысын қорғамақшы.