Шығыс Қазақстанда баласына алимент төлемей жүрген 25 адам анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері баласына алимент төлемей жүрген 25 борышкер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары биыл баласына алимент төлемей жүрген 25 адамды анықтады.

Мәселен, Өскемен қалалық ПБ көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысынан кәмелетке толмаған балаларын асырауға алимент төлемеген және оларға 1 000 000 теңгеден астам қарыз болған ер адамға іздеу жариялау туралы қаулы келіп түскен.

«Іздеу шаралары барысында көші-қон қызметінің мамандары бір тәулік ішінде борышкердің қайда екенін анықтады. Енді сот орындаушылары қарызды өндіріп алады», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, көші-қон қызметі алимент төлеуден жалтарғандар үшін заңда әкімшілік (ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы) және қылмыстық жауаптылық (ҚР ҚК-нің 139-бабы) көзделгенін ескертеді.