Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Жүнісбековтің төрағалығымен ұжымның қорытынды жиналысы өтті. Онда 2022 жылдың қорытындысы шығарылып, биылға қойылған негізгі міндеттер талқыланды.
«Өңір бойынша қылмыс саны 20,5%-ға төмендеп отыр. Өткен жылы есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың нәтижесінде, құқық қорғау органдары 142 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 105 келі есірткі тәркіленген. Соңғы бір жылда ШҚО-да жол-көлік оқиғаларының төмендегені байқалды. Нақты айтқанда, 2021 жылмен салыстырғанда 27,5%-ға азайған», - дейді Серік Жүнісбеков.
Оның айтуынша, жұмыстағы негізгі бағыт – азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың полицияға деген сенімін арттыру.
Кеңес соңында жеке құрамға жедел қызметтік жұмыс көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты міндеттер қойылды.